Orbis Group Tengri Adam байқауына қолдау көрсетіп, арнайы жүлде тағайындады
Orbis Group президенті Сухраб Махмудов қазылар алқасының мүшесі ретінде Tengri Adam байқауының жеңімпаздарын таңдауға қатысты. Компаниялар тобы өз арнайы жүлдесінің иегерін де анықтады: 1 млн теңгелік сыйлық тараздық Нұркен Умаровқа табысталады.
Нұркен автобус аялдамасында екі ер адамның 13 жастағы оқушы қызды көлікке күштеп мінгізіп, алып кетуіне жол бермеген. Ол қызды қорғап, автобус келгенше жанында болып, оның қауіпсіздігіне көз жеткізген. Orbis Group оның осы батыл әрекетін арнайы жүлдемен атап өтуді ұйғарды.
«Финалға шыққан әрбір адам құрметке лайық. Олар сын сәтте көмекке келіп, кейде өз өмірін де қатерге тіккен. Бұл оқиғалар Қазақстанда жауапкершілікті өз мойнына алып, өзгені қорғауға және қиындыққа тап болған жанға қолдау көрсетуге дайын адамдардың қаншалықты көп екенін көрсетеді. Мен үшін де, Orbis Group үшін де осы жобаға атсалысу — сол адамдарға алғыс айтып, олардың игі істерін көпшілікке танытудың бір мүмкіндігі. Осындай оқиғалар туралы көбірек айтылып, олар баршамызды бір-бірімізге жанашыр болуға үндесе деймін», — деді Сухраб Махмудов.
Tengri Adam — Tengrinews.kz риясыз жасалған игі істерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырған байқау. Редакция он оқиғаны іріктеп, оқырмандар арасында өткен дауыс беруге 2734 адам қатысты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде адасып кеткен үш жасар балаға көмектесу үшін пойызды тоқтатқан машинист Дәулет Өсербайға бұйырды.