Астанада жаңа отбасылық молл ашылады
Orbis Group Астанада Jurt моллын ашады – бұл қазақстандық холдинг қоржынындағы осындай форматтағы алғашқы жоба. Ол Сарыарқа ауданында, Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3 мекенжайы бойынша орналасқан. Кешеннің жалпы ауданы 17 000 шаршы метрді, жалға берілетін ауданы 9 000 шаршы метрді құрайды.
Jurt күнделікті сауда жасауға және отбасылық демалысқа арналған аудандық кеңістік ретінде ойластырылған. Бір жерде азық-түлік базары, гастрономиялық орындар және балаларға арналған ойын-сауық орталығы біріктірілген. Бұл формат келушілерге қаланың әртүрлі бөліктеріне баруды жоспарламай-ақ, азық-түлік сатып алуды, түскі ас ішуді немесе жақындарымен кездесуді және отбасымен демалуды ұштастыруға мүмкіндік береді.

«Біздің команда әлемдегі сауда және ойын-сауық орталықтарының әртүрлі үлгілерін саралап көрді. Осылайша, отбасының бірнеше күнделікті мұқтажын бір жерде шешетін молл идеясына тоқтады. Елорда тұрғындары мен қонақтары алысқа бармай-ақ, үйдің қасындағы осы жерге келіп жаңа піскен өнімдерден дәм татып, тамақтанып, балаларымен бірге уақыт өткізсе деген тілек еді. Астана үшін бұл тәсілдің жөні бөлек: ұзаққа созылатын суық маусымда тұрғындардың бір мезетте әрі саудасын жасап, әрі көңіл көтеретін жайлы ортасы болғаны абзал. Orbis үшін бұл жаңа кәсіп түрі. Осы жобаның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін бағамдап, экономикалық тиімділігін зерделемекпіз. Осы бастаманың нәтижесіне сүйене отырып, бұл форматты Қазақстанның өзге де өңірлеріне тарату туралы шешім қабылдаймыз», — дейді Orbis Group негізін қалаушы Фаррух Махмудов.

Jurt-тың бірінші қабаты негізінен азық-түлік пен қоғамдық тамақтандыру орындарына бөлінген. Мұнда ауданы 1 200 шаршы метр болатын Fresh Market жұмыс істейді, онда балғын көкөністер, жемістер, көкшөптер және басқа да өнімдер ұсынылған. Ет өнімдеріне бөлек 600 шаршы метрлік сөре бөлінген. Базардың негізгі түпкі ойы – отандық фермерлер мен жергілікті өндірушілердің төл өнімдерін халыққа ұсыну.
Келушілерге жүрек жалғап алатын жылдам тамақтану орындарынан бастап, асықпай отырып демалатын мейрамханаларға дейін әр түрлі таңдау ұсынылған. Бірінші қабаттың айналасына фуд-холл және фуд-корт форматындағы гастрономиялық кеңістіктер орналасқан. Ашылатын мекемелер қатарында — KFC, Hardee’s, Dodo Pizza, NAVAT, Happy Cake бар. Сонымен қатар Jurt-та қазақстандық өндірушілердің өнімдері кеңінен ұсынылады. Олардың қатарында «Казгер-Құс», Aitas, «Родина», Narlen, «Новый день», DEP, Niko Milk, «Гормолзавод Кокшетау», «Астана-Өнім», «Петровское масло», «Кус&Вкус», «Зенченко» және басқа да компаниялар бар.

Екінші қабатта Yondo отбасылық ойын-сауық орталығы іске қосылады. Сондай-ақ мұнда K jewelry&gifts, Baby Boom және Megavision сияқты басқа да сауда форматтары ұсынылған.
Моллда отандық брендтер, фермерлік қожалықтар, жергілікті өндірушілер мен қызмет көрсету орындары үшін 100-ден астам жалға берілетін орын қарастырылған. Келушілердің игілігіне 350 көлік сыятын жерүсті автотұрағы берілген. Тұрғын ауданның қақ ортасында орналасуы мен қоғамдық көліктің қолайлылығы бұл нысанға көрші кварталдарды да, қаланың өзге бұрышынан келетін меймандарды да тартуға мүмкіндік береді.

Jurt моллының атауы адамдардың басын қосатын кеңістік ретіндегі «жұрт» сөзінің мәдени мағынасын көрсетеді. Қазіргі қала жағдайында бұл идея жаңа сипатқа ие болды: Jurt — күнделікті бағыттар тоғысатын, адамдар кездесетін және жаңа қалалық дағдылар қалыптасатын орта. Молл тұжырымдамасының негізінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, адамдарды отбасы, дәстүр және бірлескен демалыс төңірегінде топтастыратын ортақтық идеясы жатыр.
Jurt жобасы Orbis Group үшін «үй іргесіндегі молл» тұжырымдамасымен сауда жылжымайтын мүлкі саласына жасаған алғашқы қадамы болды. Жобаны жүзеге асыруды еншілес Orbis Development компаниясы мойнына алса, құрылыс жұмыстарын Orbis Construction жүргізді.